Создать сайт на a5.ru
Более 400 шаблонов
Простой редактор
Приступить к созданию

Қос қария, қос батыр.

        Биыл Жеңістің 70 жылдық мерекесі қарсаңында атам мен әжемді сағына еске ала отырып, өмір жолына тоқталып өтсем. 
       Арал  қаласынан   18  шақырым  жерде  «Шижаға»  деген   елді  мекен бар.  Бұл  мекен  1957  жылы  8  ақпанда  Энгельс,   Маркс  колхоздарының   негізінде   ұйымдастырылған.
     «Шижаға» елді мекенінің мақтанышы, Арал ауданы бойынша 16 Социалистік Еңбек Ерінің бірі, менің атам-Құдайберген Сманов.
      Құдайберген Сманов 1915 жылы Арал ауданына қарасты Дөңгелексордағы Чкалов колхозында дүниеге келген. Жеті жылдық мектепті бітірісімен ауылында жерді бірлесіп өңдейтін серіктестікке кіреді. Бұл бірлестік кейін Чкалов атындағы ауыл шаруашылығы артелі болып құрылады. Осы кезде Құдайберген атам не шопан, не жылқышы әйтеуір малшы болғысы келеді.Бірақта алғашқы кезде басқа жұмыстарды атқаруға тура келеді. Мұның өзі кейін жылқы фермасының меңгерушісі болғанда кәдеге асады.
      1933 жылдар аралығында ел басына туған нәубет болады. Қанаудан құтылып енді-енді еңсесін көтеріп, білім алып бірлесіп еңбек етіп, тыныш өмір сүре бастағандарында Голощикиннің «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» саясатымен өрескел бұрмалануымен халықтан аяусыз жиналған салықпен көптеген әділетсіздіктері аштық пен жоқшылыққа душар еткізеді...
      Барлық қазақ жерінде нағыз аштық пен жоқшылық болды. Осы кезде Арал тұрғындары өлместің қамын жасап теңіз жағалап, балық аулап, құмдарды кезіп, құмдарда өсетін неше түрлі шөптерді жан сақтау үшін азық ретінде пайдаланған.
       Бұл құмда өсетін шөптердің аты: қияқ, коск, құмаршақ, қына, түйе табан. Бұл ашаршылық 1934 жылы бәсеңдеген.
       1941 жылы маусым айында Құдайберген атам ауылдағы өзіндей жас жігіттермен бірге Кеңес жерін қорғау үшін майданға аттанады.
       1942 жылы Ленинград  майданында  Финляндия  мемлекетіне  жақын  жердегі  майдан  шебінде  ұрысқа  қатысады.  1945  жылы  жауынгерлік  медальдарды  омырауына  тағып  елге  оралады.  Омырауларындағы   Ленинградты  қорғағаны  үшін  «За отвагу»,  «60  лет вооруженных  сил»,
 « 70  лет   вооруженных  сил»,  «50  лет  победы  в  Великой  Отечественной  войне»,    «Участник  войне»,    «40  лет  Победы  в Отечественной  войне», «Ленинградты қорғағаны үшін»   тағы  сол  сияқты  ордендерімен   медальдары  қанды  майданның  өзіндік  тарихын  баяндап  тұрғандай.
       Елге  келген  Құдайберген атама   ел-жұрт үлкен  сенім  артады, жылқы  бағумен  айналысады.  Өз  бетінше  оқып  ізденіп  білімін  көтереді.  1948  жылы  53  биеден  53  құлыннан  алып  облыста үлкен  көрсеткішке  ие  болады.  1949  жылы 31  қазанда СССР  Жоғарғы    Кеңесі  Призидиумның   Указы  бойынша   Сманов  Құдайберген атама  «Социалистік  Еңбек  ері»  атағы  беріледі.
        Атам аңға  да  шығатын. Қос  ауыз  мылтығымен  талай рет  құс  аулап  әкелгенін  көргенмін. Аңға  шыққандағы  әнгімесін  қызыға  таңдайтынбыз.
       Бар  ғұмырын   мал  шаруашылығына  арнаған  атам  Құдайберген  Сманов малшылардың  ақылшы  ұстазы  еді  жылқы  тілігін  түлетудің  шебері  болды.  Біздің  ауыл  төрт  түлікті  түлетуге   қолайлы  еді.
       Атамның осыншама ерен еңбегіне әжем «Көп балалы батыр ана»  Бибіқатша Бижанованың да үлесі зор. Әжем Бибіқатша ерекше жаратылған мейірімді жан еді. Ер тұлғалы, ер мінезді, ауылдастарына сыйлы, абысын, келіндерінің сырласы, кеңесшісіде, ақылшысы . Әжем орташа бойлы, қара торы, дөңгелек жүзді, ет жеңді болатын.Дене бітімінен жастайынан еңбек адамы болғанын аңғару қиын емес еді. Он саусағы ірілеу, салалы болатын. Төрт түлік малды сауу,айран пісіп, пірензі басып, құрт,ірімшік қайнату,  жүнді иіріп киімдер тоқу, тері илеу, киіз, текемет басу, алаша тоқу әжемнің сүйікті ісі еді.
       Сонымен қатар, әжем қара жұмыс жасап жатса да ағып-терлемейтін, орамалын бүркеп тартпай-ақ, омырауын суыққа төсей жүріп, ұзақ ғұмыр кешті. Сүйікті асы-ет болатын. Қуырылған тамаққа әуес емес  еді. 
      Атам Құдайберген мен әжем Бибіқатшадан Бегілер, Әлім, Абзал-есімді ұлдары, Апахан, Бөпехан, Дана, Айманкүл, Ақжарқын, Жақсыгүл,Сабира, Роза, Лиза, Рая есімді қыздары дүниеге келген.
      Атам мен әжемді жапырағын жайған бәйтерекке теңейтінмін. Төл басы болған Апахан, Бөпехан, Дана, Айманкүл қыздары да анасының жолын қуып «Көп балалы батыр ана» атанды.
      Атам мен әжемнің қасиетті қара шаңырағынан жақсылыққа ниеттеп дәм татпаған жан кемде-кем шығар.
      Құдайберген атам мен Бибіқатша әжемнің балаларынан тараған немере, шөбере, шөпшек, туажаттарыда атасы мен әжесіне арнап жеңіс күні өлең жолдарын арнап, естеліктерде, әңгімелерде жазуда. 
     Осындай  сағынышпен еске алатын, ел мақтаған, ауыл-аймақ сыйлайтын атам мен әжемнің бар екеніне қуанамын.

 

 

  Балғын Құдайбергенова

Арал аудандық білім бөлімінің әдіскері.
 

Контактный тел
8 (777) 495-34-35
Аральский район
Шижага
Құдайбергенов
Болатхан
Әлімұлы